"Көмек-адам саудасы құрбандарының уақытша
тұратын орталығы" "Қорғау-Астана" ЖҚ жанында

Біз сізге көмектесеміз:
сенім телефоны: 1409
(қоңырау шалу тегін)

Заңнама

Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы қосымша Конвенция

   Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас
институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы қосымша
Конвенция

(2008 жылғы 1 мамырда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

Кіріспе

Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер
бостандық әр адамның туа біткен құқығы деп есептей отырып,
Біріккен Ұлттардың халықтары Жарғыда адамның жеке басының абыройы мен құндылығына өзінің сенімін растағанын ескере отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жария еткен Адам құқығының жалпы декларациясы, ортақ мақсат ретінде Барлық халықтар мен барлық мемлекеттер жетуге ұмтылуы қажет ешкім де құлдықта немесе еріксіз жағдайда болмауы керектігін және құлдық пен құл саудасының барлық түрлеріне тыйым салынатындығы белгіленгенін назарға ала отырып,
1926 жылғы 25 қыркүйекте Женевада қол қойылған, құлдық пен құл саудасын жоюды қамтамасыз етуге бағытталған Құлдық туралы Конвенция жасалған уақыттан бастап бұл мақсаттың жолында одан ары алға басуға қол жеткендігін мойындай отырып,
1930 жылғы Еріксіз еңбек туралы Конвенция мен еріксіз және міндетті еңбекке қатысты Халықаралық еңбек ұйымы кейін қабылдаған шараларға назар аудара отырып,
алайда, әлемнің барлық бөліктерінде әлі де құлдық пен құл саудасы, құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптардың жойылмағанын ескере отырып,
сондықтан күшінде қалатын 1962 жылғы Конвенция, ұлттық, сол сияқты халықаралық күштерді қарқындатуды құлдық пен құл саудасын, құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жоюға бағытталған Қосымша Конвенция жасаумен толықтырылуы қажет екенін шеше отырып;
төмендегілер туралы келісті:

I тарау. Құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптар

1-бап

Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттердің әрқайсысы, 1926 жылғы 25 қыркүйекте Женевада қол қойылған Құлдық туралы конвенцияның 1-бабындағы, құлдық анықтамасымен қамтылуына немесе қамтылмауына қарамастан олар әлі бар жерде төмендегі институттар мен әдет-ғұрыптарды біртіндеп және мүмкіндігінше қысқа мерзімде:
а) борыш кіріптарлығы, егер орындалатын жұмыстың белгіленетін тиісті құндылығы қарыздың өтелуіне есептелмесе немесе бұл жұмыстың ұзақтығы шектелмесе және оның сипаты анықталмаса, яғни борышкер өзінің жеке еңбегінің не оған тәуелді адамның еңбегінің борышын қамтамасыз ету үшін кепілге беру салдарынан туындайтын ахуал мен жағдайды;
b) жерді пайдаланудың мұндай түрі, яғни пайдаланушы заң, әдет-ғұрып немесе келісім бойынша басқа адамға тиесілі жерде өмір сүруге және жұмыс істеуге және осындай басқа адам үшін белгілі бір жұмысты сыйақы үшін немесе онсыз орындауға міндетті, өзінің осы жағдайды өзгерте алмайтын басыбайлы жағдайды;
с) мыналарды:
і) өз тарапынан бас тарту құқығы жоқ әйелді оның әке-шешесі, қамқоршысы, отбасы немесе кез-келген басқа адам немесе адамдар тобы ақшалай не табиғи болмысымен сыйақы төлеу үшін күйеуге беруге уәде беретін немесе күйеуге беретіні;
іі) әйелдің күйеуі, оның отбасы немесе оның рулық қауымы сыйақы төлеу үшін немесе өзге де амалмен оны басқа адамға беруге құқылы; немесе
ііі) ері қайтыс болған әйелді басқа адамға мұра бойынша беретін күші бар кез-келген институтты немесе әдет-ғұрыпты;
d) кез-келген институт пен әдет-ғұрыптардың күшіне сай он сегіз жастан кіші баланы немесе жасөспірімді өзінің әке-шешесінің біреуі не екеуі де немесе оның қамқоршысы осы баланы немесе жасөспірімді не оның еңбегін пайдалану мақсатында сыйақы үшін немесе онсыз басқа адамға бере алатын күші бар кез-келген институтты немесе әдет-ғұрыпты толық жоюды немесе таратуды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін және қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдайды.

2-бап

Осы Конвенцияның 1-бабының с) тармағында айтылған институттар мен әдет-ғұрыптарды түбірімен жою үшін Конвенцияға қатысушы мемлекеттер ең кіші некелік үйлесімді жасты анықтауды және өкілетті азаматтық лауазымды адамның немесе дін басының көзінше екі тараптың да некелесуге келісімдерін еркін айтуын қамтамасыз ететін тәртіптің орнатылуын көтермелеуге міндеттенеді.

II тарау. Құл саудасы 3-бап

1. Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттердің заңдары бойынша, қандай да болмасын көлік құралдарымен бір елден екінші елге құлдарды тасымалдауға не құлдарды тасуға талпыныс жасау немесе мұндайға бірге қатысу қылмыс болып саналады және бұл қылмыстарға кінәлі деп танылған адамдар қатал жазаға тартуға жатады.
2. а) Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттер олардың туларын заңды пайдаланатын кемелер мен ұшатын аппараттардың құлдарды тасымалдауына бөгет жасауға, мұндай әрекеттердегі немесе осындай мақсат үшін мемлекеттік жалауды пайдаланған кінәлі адамдарды жазалау үшін барлық тиімді шараларды қабылдайды.
b) Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттер құлдарды тасу үшін олардың порттарын, аэродромдары мен жағалауларын пайдалануға бөгет жасау үшін барлық тиімді шараларды қабылдайды.
3. Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттер құл саудасына қарсы күресте қолданылатын шаралардың практикалық үйлестірілуін қамтамасыз ету мақсатында ақпарат алмасады және құл саудасының әрбір оқиғасы туралы және өздеріне белгілі болған мұндай қылмысты жасаудың әрбір әрекеті туралы бірін-біріне хабарлайды.

4-бап

Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттің кемесінде баспана тапқан құл, ірsо fасtо еркіндік алады.

III тарау. Құлдық және құлдыққа
ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптар 5-бап

Осы Конвенцияның 1-бабында айтылған құлдық немесе институттар немесе әдет-ғұрыптар әлі де толық жойылмаған немесе тартылмаған елде, құлды не еріксіз жағдайдағы адамды оның мұндай жағдайын атап көрсету не болмаса жазалау мақсатында немесе қандай да болмасын өзге себеппен зақымдау, күйдіріп немесе өзге тәсілмен таңбалау, ал сондай-ақ мұндай әрекетке бірге қатысу осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттердің заңдары бойынша қылмыс болып саналады және мұндай қылмыстарда кінәлі деп танылған адамдар жазалауға жатады.

6-бап

1. Өзге адамды құлға айналдыру немесе басқа адамды немесе басқа адамнан тәуелді адамды құлдыққа берілуге көндіру немесе мұндай әрекеттерді жасауға ұмтылу; немесе оған бірге қатысу немесе мұндай әрекеттердің кез-келгенін жасау үшін жасырын келісімге қатысу осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттердің заңдары бойынша қылмыс болып саналады және мұндай қылмыстарда кінәлі деп танылған адамдар жазалауға жатады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері осы Конвенцияның 1-бабы кіріспе бөлімінің ережелерін сақтай отырып, сондай-ақ 1-бапта аталған институттардың немесе әдет-ғұрыптардың салдарлары болып табылатын адамды немесе басқа адамнан тәуелді адамды өзін еріксіз жағдайға берілуге көндіру оқиғаларына, мұндай қылмысты жасауға ұмтылудың кез-келгеніне, осы қылмыстарды жасауға бірге қатысуға немесе оның кез-келгенін жасау үшін жасырын келісімге қатысуға қолданылады.

IV тарау. Анықтамалар 7-бап

Осы Конвенцияда:
а) 1926 жылғы құлдық туралы Конвенцияда анықталғандай, "құлдық" деп оған қатысты меншік құқығына тиесілі кейбір немесе барлық құзыреттілікті жүзеге асырғандағы адамның жай-күйі немесе жағдайы, ал "құл" деп осы жағдайдағы немесе жай-күйдегі адам түсініледі;
b) "еріксіз жағдайдағы адам" деп бұл Конвенцияның 1-бабында аталған институттардың немесе әдет-ғұрыптардың нәтижесінде пайда болған жай-күйдегі немесе жағдайдағы адам түсініледі;
с) "құл саудасы" деп қандай да болмасын адамды ұстап алуға, сатып алуға немесе оны құлға айналдыру мақсатында пайдалануға байланысты барлық әрекеттер; сату немесе айырбастау мақсатында құлды сатып алуға байланысты барлық әрекеттер; осындай мақсатпен сатып алынған адамды сату немесе айырбастау жөніндегі барлық әрекеттер; тіпті қандай да болмасын көлік құралдарымен құлдарды сату әлде тасу жөніндегі кез-келген әрекет түсініледі және аталған әрекеттердің барлығы енеді.

V тарау. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің
арасындағы ынтымақтастық және мәліметтерді хабарлау 8-бап

1. Осы Конвенцияға қатысушы Мемлекеттер жоғарыда аталған
қаулыларды жүзеге асыруда бір-бірімен және Біріккен Ұлттар Ұйымымен
ынтымақтастықта болуға міндеттенеді.
2. Конвенцияға қатысушылар осы Конвенцияның қаулыларын жүзеге асыру үшін шығарылатын және қолданысқа енгізілетін барлық заңдардың, ережелер мен әкімшілік өкімдердің көшірмелерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жіберуді міндеттенеді.
3. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы баптың 2-тармағына сәйкес алынған ақпаратты Конвенцияның басқа қатысушылары мен Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске бұл Конвенцияның тақырыбы болып отырған құлдықты, құл саудасы немесе институттар мен әдет-ғұрыптарды жоюға қатысты онан арғы ұсынымдарды әзірлеу үшін Кеңес көтеретін мәселелерді талқылау үшін Кеңеске жіберілген құжаттармен бірге хабарлайды.

VI тарау. Қорытынды қаулылар 9-бап

Осы Конвенцияға ескертпелерге жол берілмейді.

10-бап

Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасындағы Келіссөз жолымен реттелмеген, оны түсіндіру және қолданылуына қатысты даулар, егер тараптар оларды реттеудің тек өзге тәсілі туралы келіспесе, даудағы кез-келген тараптың талаптары бойынша Халықаралық Сотқа тапсырылады.

11-бап

1. Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің немесе мамандандырылған мекемелердің бірі қол қою үшін 1957 жылғы 1 шілдеге дейін ашық. Қол қойған мемлекеттер Конвенцияны бекітуге тиіс және бекіту грамоталары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға беріледі, ол Конвенцияға бұл туралы қол қойған немесе оған қосылған әрбір мемлекетке хабарлайды.
2. Конвенция 1957 жылғы 1 шілдеден кейін, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің немесе мамандандырылған мекемелердің бірінің немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қосылуға шақыру жіберген басқа да кез-келген мемлекеттердің қосылуына ашық болады. Қосылу ресми актіні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға беру жолмен іске асырылады, ол өз кезегінде Конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған әр мемлекетті бұл туралы хабардар етеді.

12-бап

1. Осы Конвенция барлық өзін-өзі басқармайтын, қамқорлықтағы, отарланған және басқа да метрополияға кірмейтін аймақтарға қолданылады, олардың халықаралық қатынастарына Конвенцияға қатысушы осы мемлекет жауапты болады; бұл мемлекет осы баптың 2-тармағының ережелерін сақтай отырып, метрополияға кірмейтін аймақтың қайсысына конвенцияның осы аймақтарының қайсысына ірsо facto қолданылатынын қол қою кезінде хабарлайды.
2. Конституциялық заңдарға немесе Конвенцияға қатысушы мемлекеттің немесе метрополияға кірмейтін аймақтың тәжірибесіне сәйкес осы аумақтың алдын ала келісімін алуды талап ететін әрбір жағдайда, бұл мемлекет метрополияға кірмейтін аумақтың келісімін алуды қамтамасыз ету үшін, метрополия-мемлекет Конвенцияға қол қойған күннен бастап он екі ай мерзім ішінде күш салады және келісімді алысымен ол туралы Бас хатшыға хабарлайды. Бұл Конвенция осы аймаққа немесе хабарламаны көрсетілген аймақтарға көрсетіледі Бас хатшы хабарлама алған күннен бастап қолданылады.
3. Алдыңғы тармақта аталған он екі ай мерзім өткеннен кейін Конвенцияға қатысушы тиісті мемлекеттер метрополиядан тыс орналасқан олардың халықаралық қатынастарына жауапты болатын және осы Конвенцияны қолдануға келісімдерін бермеген аумақтармен өткізілген кеңестердің нәтижелері туралы Бас хатшыға хабарлайды.

13-бап

1. Осы Конвенция оған екі мемлекет қатысушы болған күннен бастап күшіне енеді.
2. Сонан соң ол әр мемлекет пен аймаққа қатысты бекіту грамотасын немесе осы мемлекеттің қосылуы туралы грамотаны сақтауға берген немесе осы аймаққа Конвенцияны қолдану туралы хабарланған күннен бастап күшіне енеді.

14-бап

1. Осы Конвенция қолданылуы рет-ретімен үш жылдық кезеңге бөлінеді, оның біріншісі 13-баптың 1-тармағына сәйкес Конвенцияның күшіне енген күнінен басталады.
2. Осы Конвенцияға қатысушы кез-келген мемлекет ағымдағы үш жылдық кезең өткенге дейін алты ай бұрын Бас хатшыны бұл жөнінде хабарлау жолымен күшін жоюы мүмкін. Бас хатшы әрбір осындай хабарлама туралы және осындайды алған күні туралы Конвенцияға қатысушы барлық басқа мемлекеттерге хабарлайды.
3. Күшін жою ағымдағы үш жылдық кезең өткеннен кейін күшіне енеді.
4. 12-баптың қаулыларына сәйкес бұл конвенцияны, бұл Конвенцияға қатысушы мемлекеттің метрополияға кірмейтін аумағына қолдануға болатын жағдайларда, бұл мемлекет бұдан кейін тиісті аумақтың келісімімен кез-келген уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына осы Конвенцияның бұл аумаққа қатысты күші жойылғаны туралы хабарлама жібере алады. Бұл күшін жою Бас хатшы осындай хабарламаны алған күннен бастап бір жылдан соң күшіне енеді. Ол осы хабарлама туралы және оны алған күні туралы Конвенцияға барлық басқа қатысушыларға хабарлайды.

15-бап

Ағылшын, испан, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері бірдей сәйкес осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымы Хатшылығының мұрағатына сақтауға тапсырылады. Бас хатшы куәландырылған көшірмелерді осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттерге, сонымен бірге барлық басқа мемлекеттерге - Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері мен мамандандырылған мекемелерге одан әрі жолдау үшін дайындайды.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін, төменде қол қойған, өз үкіметтері тиісті уәкілеттік берген адамдар өз қолдарының тұсында көрсетілген күндері осы Конвенцияға қол қойды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропа бөлімшесінде, Женева қаласында, бір мың тоғыз жүз елу алтыншы жылғы жетінші қыркүйекте ЖАСАЛДЫ. 


Возврат к списку