"Көмек-адам саудасы құрбандарының уақытша
тұратын орталығы" "Қорғау-Астана" ЖҚ жанында

Біз сізге көмектесеміз:
сенім телефоны: 1409
(қоңырау шалу тегін)

Заңнама

Балалар еңбегiнiң ең жаман түрлерiне тыйым салу және жою жөнiндегi шұғыл шаралар туралы конвенция

   ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

182-конвенция

Балалар еңбегiнiң ең жаман түрлерiне тыйым салу және жою
жөнiндегi шұғыл шаралар туралы конвенция

(2004 жылғы 26 ақпанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

Женевада Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi шақырған және
1999 жылдың 1 маусымында өзiнiң сексен жетiншi сессиясына жиналған,
Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы,
балалар еңбегi жөнiндегi негiз қалаушы актi болып қала беретiн ең төменгi жас туралы 1973 жылғы Конвенция мен Ұсынымды толықтыратын, халықаралық ынтымақтастық пен халықаралық көмектi қoca алғанда, ұлттық және халықаралық iс-қимылдар үшiн басты артықшылық ретiнде балалар еңбегiнің ең нашар түрлерiне тыйым салуға және жоюға арналған жаңа актiлер қабылдау қажет деп санай отырып,
балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiн тиiмдi жою жедел әрi жан-жақты iс қимылдарды талап етедi, онда тегiн базалық бiлiм беру және балаларды жұмыстың осындай түрлерiнен босату, сондай-ақ олардың отбасы мұқтаждықтарын ескере отырып, оңалту және әлеуметтiк кiрiктiру қажет деп санай отырып,
1996 жылы Халықаралық еңбек конференциясының 83-сессиясында қабылданған балалар еңбегiн жою туралы қарарды еске сала отырып,
балалар еңбегi көп жағдайда кедейлiктің салдары және бұл мәселенiң ұзақ уақыт шешiлуi әлеуметтiк прогреске, атап айтқанда кедейлiктi жоюға және жаппай бiлiм алуға жеткiзетiн тұрақты экономикалық өсуде жатқанын мойындай отырып,
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған Балалар құқығы туралы конвенция туралы еске сала отырып,
1998 жылы Халықаралық еңбек конференциясының 86-сессиясында қабылданған XEҰ Еңбек саласындағы негiз қалаушы қағидаттар мен құқықтар туралы декларациясы туралы еске сала отырып,
балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерi басқа да халықаралық актiлерде, атап айтқанда 1930 жылғы Мәжбүрлi еңбек туралы конвенцияда және Бiрiккен Ұлттар Ұйымының құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен салттарды жою туралы 1956 жылғы Қосымша конвенциясында қамтылғанын еске сала отырып,
сессиясының күн тәртiбiндегi төртiншi тармақ болып табылатын, балалар еңбегi туралы бiрқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып,
осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын берудi шеше отырып, бiр мың тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жылдың маусым айының он жетiншi күнi Балалар еңбегінің ең нашар түрлерiне тыйым салу және жою жөнiндегi шұғыл шаралар туралы 1999 жылғы конвенция деп аталуы мүмкiн төмендегi конвенцияны қабылдайды.

1-бап

Осы Конвенцияны бекiтушi әрбiр мүше-мемлекет балалар еңбегiн ең нашар түрлерiне тыйым салуды және жоюды қамтамасыз ететiн тиiмдi шараларды жедел қабылдайды.

2-бап

Осы Конвенцияның мақсаты үшiн "бала" деген термин 18 жасқа дейiнгi барлық адамдарға қолданылады.

3-бап

Осы Конвенцияның мақсаты үшiн "балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерi" деген термин:
а) құлдықтың барлық түрлерiн немесе мәселен, балаларды сату және оларды саудалау, қарыз кiрiптарлығы мен крепостнойлық басыбайлылық, сондай-ақ мәжбүрлi немесе мiндетті еңбек, оның iшiнде балаларды қарулы қақтығыстарда пайдалану үшiн оларды мәжбүрлi немесе мiндеттi жалдау сияқты құлдыққа ұқсас практиканы;
b) баланы жезөкшелiкпен айналысу үшiн, порнографиялық өнiм өндiру үшiн немесе порнографиялық қойылымдар үшiн пайдалануды, жалдауды немесе ұсынуды;
с) тиiстi халықаралық шарттарда белгiленгенiндей, баланы заңсыз қызметпен айналысу үшiн, атап айтқанда есiрткi заттарды өндiру және сату үшiн пайдалануды, жалдауды немесе ұсынуды;
d) өзiнiң орындалу жағдайы немесе сипаты жағынан балалардың денсаулығына, қауiпсiздiгiне немесе адамгершiлiгiне зиян келтiруi мүмкiн жұмысты қамтиды.

4-бап

1. Ұлттық заңдар немесе құзыреттi орган тиiстi халықаралық нормаларды, атап айтқанда, балалар еңбегiнің ең нашар түрлерi туралы 1999 жылғы Ұсынымның 3 және 4-тармақтарының ережелерiн назарға ала отырып, жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердiң мүдделi ұйымдарымен консультация өткiзгеннен кейiн 3-баптың d) тармағында көрсетiлген жұмыстардың түрлерiн белгiлейдi.
2. Құзыреттi орган жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердің мүдделi ұйымдарымен консультация өткiзгеннен кейiн осындай тәртiппен белгiленген жұмыс түрлерiн жүзеге асыратын орындарды анықтайды.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгiленген жұмыс түрлерiнiң тiзбесi дүркiн-дүркiн талданады және қажеттiгiне қарай, жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердің мүдделi ұйымдарымен консультация өткiзгеннен кейiн қайта қаралады.

5-бап

Әр мүше-мемлекет жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердің ұйымдарымен консультация өткiзгеннен кейiн осы Конвенцияны iске асыратын ережелердiң қолданылуын бақылауды жүзеге асыру үшiн тиiстi тетiктердi жасайды немесе көрсетедi.

6-бап

1. Әр мүше-мемлекет балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiн басымдықты тәртiппен жою жөнiнде iс-қимыл бағдарламаларын әзiрлейдi және жүзеге асырады.
2. Мұндай iс-қимыл бағдарламалары қажет болған жағдайда, басқа мүдделi топтардың пiкiрiн ecкe ала отырып, тиiстi үкiмет ведомстволарымен, қызметкерлердiң және еңбекшiлердiң ұйымдарымен консультациялар өткiзгеннен кейiн әзiрленедi және жүзеге асырылады.

7-бап

1. Әр мүше-мемлекет осы Конвенцияны жүзеге асыратын ережелердiң тиiмдi пайдаланылуын және сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi барлық шараларды, оның iшiнде қылмыстық санкцияларды немесе мән-жайларға қарай басқа да санкцияларды енгiзу және қолдану арқылы қабылдайды.
2. Әр мүше-мемлекет балалар еңбегiн жою iсiндегi бiлiмнiң маңыздылығын ескере отырып, белгiленген мерзiмдерде:
а) балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiне балаларды тартуға жол бермеуге;
b) балалардың балалар еңбегiнің ең нашар түрлерiмен айналысуын тоқтату, сондай-ақ оларды оңалту және әлеуметтiк кiрiктiру үшiн қажеттi және тиiстi тiкелей жәрдем көрсетуге;
с) балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiнен босатылған барлық балалардың тегiн базалық білім алуға, сондай-ақ мүмкiндігi мен қажеттiгiне қарай кәсiби-техникалық даярлыққа қол жеткiзуiне;
d) айрықша қиын жағдайдағы балаларды анықтауға және қамтуға; және
e) қыз балалар жағдайының ерекшелiгiн ескеруге бағытталған шараларды қабылдайды.
3. Әр мүше-мемлекет осы Конвенцияны жүзеге асыратын ережелердің қолданылуына жауапты құзыреттi органды тағайындайды.

8-бап

Мүше-мемлекеттер осы Конвенцияның ережелерiн жүзеге асыруда бiр-бiрiне көмек көрсету мақсатында қажеттi шараларды қабылдайды, бұл үшiн әлеуметтiк-экономикалық дамуды қолдауды, кедейлiкпен күрес жөнiндегi және жалпыға бiрдей білiм беру бағдарламаларын қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастықты және/немесе көмектi кеңiнен пайдаланады.

9-бап

Осы Конвенцияға қатысты ресми грамоталар тiркеу үшiн Халықаралық Еңбек Бюросының Бас директорына жiберіледi.

10-бап

1. Бекiту грамоталарын Бас Директор тiркеген Халықаралық Еңбек Ұйымының Мүшелерi үшiн ғана осы Конвенцияның мiндеттi күшi бар.
2. Ол Ұйымның екi Мүшесiнiң бекiту грамоталарын Бас Директор тiркегеннен кейiн он екi ай өткен соң күшiне енедi.
3. Соңынан бұл Конвенция Ұйымның әрбiр мүше-мемлекетiне қатысты өзiнiң бекiту грамотасын тiркеген күннен кейiн он екi ай өткен соң күшiне енедi.

11-бап

1. Ұйымның осы Конвенцияны бекiтуші кез келген Мүшесi, ол алғаш күшiне енгiзiлген күнiнен он жыл өткен соң, Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберілген және онда тiркелген күшін жою туралы актi арқылы күшiн жоя алады. Күшiн жою күшiн жою туралы актiнi тiркегеннен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.
2. Ұйымның осы Конвенцияны бекiткен әрбiр Мүшесi өзінің осы бапта көзделген күшiн жою құқығын осының алдындағы тармақта аталған он жылдық кезең өткеннен соң бiр жылдың iшiнде пайдаланбаса, ол келесi он жылдық кезеңге созылады және кейiн, әрбiр он жылдық кезең өткен сайын, осы бапта көзделген тәртiптi сақтай отырып, осы Конвенцияның күшін жоя алады.

12-бап

1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Ұйым Мүшелерiнiң оған жолдаған барлық бекiту грамоталарының, күшiн жою туралы өтiнiштер мен актілердi өзiнiң тiркегенi туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелерiне хабарлайды.
2. Бекiту туралы өзi алған екiншi бекiту грамотасының тiркелгенi туралы Ұйым Мүшелерiне хабарлай отырып, Бас Директор олардың назарын осы Конвенцияның күшiне енген күнiне аударады.

13-бап

Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тiркеу үшiн алдыңғы баптардың ережелерiне сәйкес өзi тiркеген барлық бекiту грамоталары мен күшiн жою актілерiне қатысты толық мәлiметтердi Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жiбередi.

14-бап

Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi бұл қажет деп тапқан жағдайларда, ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және оны толық немесе iшiнара қайта қарау туралы мәселенi Конференцияның күн тәртiбiне енгiзу қажеттiгiн қарастырады.

15-бап

1. Егер Конференция осы Конвенцияны толық немесе iшiнара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса, және егер жаңа конвенцияда өзгедей көзделмесе, онда:
а) Ұйымның қайсыбiр Мүшесiнiң жаңа қайта қарайтын Конвенцияны бекiтуi, жаңа қайта қаралған Конвенция күшiне енгiзiлген жағдайда, 11-баптың ережелерiне қарамастан, осы Конвенция күшiнiң жедел түрде өзiнен-өзi жойылуына әкеп соқтырады;
b) жаңа, қайта қаралған конвенция күшiне енгiзiлген күннен бастап, осы Конвенция Ұйым Мүшелерiнің бекiтуi үшiн жабық болады.
2. Осы Конвенция, оны бекiткен, бiрақ жаңа, қайта қаралған конвенцияны бекiтпеген Ұйымның Мүшелерi үшiн нысаны мен мазмұны жағынан өз күшiнде қалады.

16-бап

Осы Конвенцияның ағылшын және француз тiлдерiндегi мәтiндерiнiң күшi бiрдей.




© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК


Возврат к списку